Қыс мезгілінде Ақтоғайда қауіпсіздікті арттыру шаралары

Қазақстандағы қыс мезгілі төмен температура, қарлы боран және қатты жел сияқты күрделі ауа райымен ерекшеленеді.

Бұл қатал климат күнделікті өмірге де, өндірістік қызметке де айтарлықтай қиындықтар туғызады. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді шаралар қабылдап, қызметкерлер мен техниканы алдын ала дайындау маңызды.

Ықтимал тәуекелдердің бірі – жол қозғалысы қауіпсіздігі, себебі қысқы жағдайлар жол-көлік оқиғаларының қаупін айтарлықтай арттырады.

Ақтоғай ұжымы жол қауіпсіздігі мәселесін шешу мақсатында қауіпсіздік шараларын және қызметкерлерді тәжірибелік оқытуды қамтитын жан-жақты стратегияны іске асырды. Күнделікті өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі бюллетеньдер, бейнероликтер және ақпараттық баннерлер қызметкерлерге көктайғақта және қарлы боранда қауіпсіз жүру, көлік жүргізу және жұмыс істеу бойынша қажетті нұсқаулар береді. Сонымен қатар, қауіпсіздікті арттыру үшін шатырды жылытуға арналған кабельдер және қызметкерлердің аяқ киімдеріне тайғанауға қарсы жапсырмалар сияқты техникалық шаралар енгізілді.

Қауіпсіздікті арттыру және қысқы кезеңде жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында Ақтоғайдың еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті қыс мезгілінде көлік жүргізу машығын жетілдіруге арналған оқу алаңын жабдықтады. Бұл апаттардың алдын алуға және қыс мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қысқы полигон қызметкерлерге қарлы боранда және көктайғақта көлік жүргізу машығын тәжірибеде жетілдіруге мүмкіндік береді. Арнайы полигон қысқы жағдайда көлік жүргізудің нақты сценарийлерін, соның ішінде тайғақ жол мен қарлы үйінділерді ұқсатады.
Бұл қызметкерлердің қауіпсіз ортада машықтанып, көлік жүргізу шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді.

Арнайы полигонда көктайғақты ұқсату мақсатында белгілі учаскелерге су төгіліп, тайғақ жол жасалады.

Бұл жүргізушілерге толық жетекті қосқанда және ажыратқанда көліктің қалай әрекет ететінін сезінуге, мұзды жолда дұрыс бұрылуға, сондай-ақ басқышпен және қозғалтқышпен тежеу кезіндегі айырмашылықты түсінуге мүмкіндік береді.

Қарлы кедергілерден шығу машығын үйрену үшін полигонда борпылдақ қармен жабылған учаскелер жасалды. Қызметкерлер борпылдақ қардан өту үшін төменгі берілісті қолдануды іс жүзінде меңгереді. Бұл қыс мезгілінде көлікті қауіпсіз жүргізу үшін маңызды дағдыларды қалыптастырады. Бұл курс негізінен жеңіл көлік жүргізушілеріне және қыстағы жол қиындықтарына үйренбеген қызметкерлерге арналған.

Практикалық полигон жобасын іске асыру қауіпсіздікке айтарлықтай әсер етті: 2024 жылы Ақтоғайда қысқы кезеңде жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға азайды.

Топ қызметкерлерді тәжірибелік оқытумен қамтып, қауіпсіздік шараларын жетілдіре отырып, қыс мезгілінде барынша қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз етеді. Бұл бастама аясында қызметкерлер игерілген білім мен дағдыларды жұмыс барысында да, жеке өмірде де қолдана алады. Бұл қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың өмірдің барлық саласында маңызды екенін айқындайды.

This site is registered on wpml.org as a development site. Switch to a production site key to remove this banner.